Өнер – ұлттың жаны, ал күй – қазақтың қаны. Күні кеше біздің балалар музыка мектебінде киелі қара домбыраның үні асқақтап, рухани кемелдену мен кәсіби шеберлікті ұштастырған ерекше кездесу өтті.
Мектебіміздің ұжымы мен жас өнерпаздары үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Нұрбаева Динара Амангелдіқызымен жүздесу үлкен мәртебе болды.
Кездесу аясында Динара Амангелдіқызы домбыра тартудың қыр-сырын, аспаптың үнін құбылту мен орындаушылық шеберліктің тың тәсілдерін көрсетіп, шеберлік сағатын (master-class) өткізді. Оқытушының әрбір кеңесі, саусақ қимылы мен күй табиғатын түсіндірудегі тереңдігі біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз үшін баға жетпес сабақ болды.
Кездесу соңында мектеп директоры Венера Арғынқызы Адильбаева сыйлы қонаққа аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының атынан қазақы дәстүрмен шапан жауып, алғыс хат табыстады. Бұл тек сыйлық емес, өнерге деген құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі болды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған мұндай кездесулер мектебіміздің шығармашылық шежіресінде алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз!






