Өмірін шәкірт тәрбиесіне арнап, ұлттық өнерді насихаттап, талай жас таланттың қанатын қатайтып жүрген Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің «Балалар музыка мектебі» КМҚК-ның хореография сыныбының мұғалімі Жанысбаева Бейбітгүл Дисулканқызы 60 жасқа толды.
Бейбітгүл Дисулканқызы – өз ісіне адал, тәжірибелі ұстаз. Ол шәкірттеріне би өнерін үйретумен қатар, тәртіп пен жауапкершілікті, сахна мәдениеті мен ұжымдық жұмысты бойларына сіңіріп келеді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірттерінің жетістіктері. «Жауқазын» би тобы аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда талай мәрте жүлделі орындарға ие болды. 2026 жылғы жетістіктерінің ішіндегі біраз бөлігін атай кетсек «Қимылдар шұғыласы» аймақтық байқауында І орын, облыстық «Шығыс BalaFest» фестивалінде Бас жүлде, ал Үрімші қаласында өткен «Бір белдеу – бір жол» халықаралық өнер байқауында екі мәрте Бас жүлде және І орын иеленді.
Бүгінде ұстаз тәрбиелеген шәкірттердің бірқатары хореография саласында кәсіби білім алып, еңбек етіп жүр. Бұл – Бейбітгүл Дисулканқызының көп жылғы еңбегі мен ұстаздық жолының айқын жемісі.
Құрметті Бейбітгүл Дисулканқызы!
Сізді мерейлі 60 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаздық еңбегіңіз әрдайым жемісті болып, шәкірттеріңіздің әрбір жеңісі өзіңізге қуаныш сыйлай берсін. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық еңбегіңізге толағай табыс тілейміз!
Шәкірттеріңіз биік белестерден көрініп, еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым елдің алғысына бөлене беріңіз! Мерейтойыңыз құтты болсын, ардақты ұстаз!






