2026 жылдың 18 сәуір күні Балалар музыка мектебінде ұлттық өнердің мерекесі өтіп, қара шаңырақ ерекше күйге бөленді. «Қос ішектің құдіреті: Күйшімен сырласу» атты кеш аясында Қазақстанның музыка қайраткері, күйші-композитор Уатқан Жүнісовпен мағыналы кездесу ұйымдастырылды. Рухани шара барысында өнер иесінің төл туындылары мен зерттеулері жинақталған жаңа кітаптарының салтанатты түрде тұсауы кесілді. Бұл еңбектер келешекте жас музыканттар үшін таптырмас оқу құралы болмақ. Кездесуде Уатқан аға өзінің өмір жолы мен шығармашылық белестерін түрлі сырға толы бейнебаяндар арқылы көрсетіп өтті. Кеш соңында мектеп директоры Адильбаева Венера Аргынқызы сөз алып, құрметті қонаққа мектеп ұжымы мен шәкірттер атынан шынайы алғысын білдірді. Мұндай ғибратты кездесу мектеп шәкірттері үшін нағыз шеберлік сағатына айналып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсті.






