2025 жылдың 5 желтоқсанында аудандық мәдениет үйінде Зайсан ауданының бас ақыны, ауданның құрметті азаматы Қазыбек Қабдрашитұлы Сейілхановтың 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби-рухани кеш өтті.

Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлы Қорабаев аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының құттықтау хаты мен Құрмет грамотасын табыстап, дәстүр бойынша ақынның иығына шапан жапты.

Кештегі ізгі тілектерді “AMANAT” партиясының аудандық филиалының төрағасы Болатбек Балғабайұлы Балғабаев пен ақынның туған елі — Дайыр ауылының атынан округ әкімі Нұржан Бауыржанұлы Исанов жалғастырды. Олар ақынға ел-жұртының жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, тұлпар мінгізіп құрмет көрсетті.

Сонымен бірге аудандық білім бөлімінің басшысы Меруерт Мұратқызы мен білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қабиолда Ергедікұлы Сайранов әріптестері атынан ақынға жылы лебіздерін білдіріп, бағбандық өнеріне де тоқталып, өз сый-сияпаттарын тарту етті.

Кеште қала және ауылдық округ әкімдері, аудан ардагерлері атынан Зайсан ауданының құрметті азаматы Советбек Құсманбекұлы Сәлиев, сондай-ақ ақынның достары, туыстары мен шәкірттері де құттықтау сөздер айтты. Әсіресе республикалық, облыстық және аймақтық айтыстарда топ жарып жүрген шәкірттері Ардабек Ақбабаұлы мен Хуанар Хуатбектің арнау-айтыстары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Шара соңында Қазыбек Қабдрашитұлы көпшілікке шынайы алғысын білдіріп, өз шығармашылығындағы мың жарымға жуық өлеңнің ішінен арнайы таңдап алған жырларын мәнерлеп оқып, кешті әдемі қорытындылады.